Жаңалықтар

Академияда Италия делегациясымен кездесу өтті

Бүгін Академияда Италия Сыртқы істер министрлігінің Арнайы тапсырмалар жөніндегі Елшісі, «Орталық Азия + Италия» форматындағы үйлестіруші Федерико Файла, Ка’ Фоскари университетінің вице-ректоры Антонио Маркомини және Италия Республикасының Қазақстандағы Елшісінің орынбасары Аниелло Петито мырзамен кездесу өтті.

Итальяндық делегацияның сапары «Орталық Азия + Италия» диалогы (5+1 форматы) аясында жүзеге асты. Бірінші саммиттің шешімдеріне сәйкес, 2025–2026 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Бұл құжат ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттарын қамтиды, оның ішінде «жасыл» өтуді қолдау, климаттың өзгеруі мәселелері бойынша бірлескен саясат әзірлеу және су саласындағы диалогты дамыту, сондай-ақ Орталық Азия елдерінде денсаулық сақтау, білім беру және біліктілікті арттыру салаларындағы әлеуетті нығайту бағыттарын қамтиды.

Кездесу барысында аймақ елдері мен Италия арасындағы идеялар мен тәжірибе алмасу желісін дамыту маңыздылығы атап өтілді. Бұл өзекті экономикалық секторларда – климаттың өзгеруіне бейімделу, су ресурстарын басқару, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтары арасындағы байланыстарды нығайту сияқты жаңа сын-қатерлерді еңсеруге бағытталған өзара іс-қимылды тереңдетуге мүмкіндік береді.

Тараптар өз ұйымдарының қызметі туралы ақпаратпен бөлісіп, осы платформа аясындағы болашақ ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

 

 

 


Your browser does not support SVGs