Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтында докторант Альбина Еркінбайқызы Прниязова «Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстары: Қазақстанның су дипломатиясының дамуы мен болашағы» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Су – стратегиялық ресурс, сусыз өмір жоқ» деп атап өтті. Президент сонымен қатар су дипломатиясын халықаралық ынтымақтастық пен орнықты дамудың маңызды бөлігі ретінде айқындап, осы бағытта білікті мамандар даярлау қажеттігін атап өтті.
Осы бағыттағы өзекті ғылыми ізденіс нәтижесінде Альбина Прниязова Қазақстанның су дипломатиясының дамуының ғылыми моделін ұсынып, «су дипломатиясы» ұғымына ғылыми анықтама берді.
Диссертациялық кеңестің 2025 жылғы 29 қазандағы шешімімен Альбина Еркінбайқызына «Халықаралық қатынастар докторы» ғылыми дәрежесі берілді.
Бұл еңбек Қазақстанда су дипломатиясы тақырыбында жазылған алғашқы докторлық зерттеулердің бірі болып табылады.
