Жаңалықтар

«Егемендік декларациясы – Тәуелсіздік жаршысы» атты дөңгелек үстел өтті

Мемлекеттік басқару академиясында Республика күні қарсаңында және «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның» 35 жылдығына орай «Егемендік декларациясы – Тәуелсіздік жаршысы» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Сағатұлы Жолманов модераторлық етті.

Іс-шара барысында зиялы қауым өкілдері тарихи құжаттың мәні мен маңызын қайта зерделей отырып, мемлекеттік саясат пен мемлекеттік басқару саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

1990 жылғы 25 қазан – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі еліміздің егемендігін жариялаған күн. Бұл – Қазақстанның тәуелсіздікке бастар жолдағы шешуші тарихи кезеңі. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар егемендік декларациясының оңайлықпен қабылданбағанын, бұл жолда көптеген зиялы азаматтардың еңбегі сіңгенін атап өтті. Құжатты дайындау жөніндегі комиссияны көрнекті заңгер, академик Салық Зиманов басқарған болатын.

Дөңгелек үстелге ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары, профессорлық-оқытушылық құрам мен сарапшылар қатысты. Спикерлер қатарында ҚР Парламентінің депутаттары Нұртөре Жүсіп, Әли Бектаев, Жанарбек Әшімжанов, қоғам қайраткерлері Сұлтанов Қуаныш, Озғанбаев Өмірзақ, Қайролла Ережепов, Қуанышев Төлеген, Мемлекет тарихы институтының өкілі Жапсарбай Қуанышев, еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының басшылары Талғат Нәрікбаев, Гүлжамал Жапарова, Бекмамбет Өмірбай қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар тарихи жадының, ұлттық бірегейліктің, мемлекетшілдік сана мен патриотизмнің маңызын атап өтті.

Егемендік – тарихи шешімдердің, ұлттың табандылығы мен азаматтардың ерен еңбегінің жемісі. Бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің бойында осы рухты сақтау – маңызды міндеттердің бірі.

 


Your browser does not support SVGs