Академияның Басқару институты дәстүрлі түрде өтетін «Даму күні» аясында экономикалық, әлеуметтік және ғылыми бағыттарды қамтитын Экономист+ сарапшылар алаңы VIII маусымның алғашқы отырысын өткізді.
Шара «Зерттеу жұмысы: дұрыс бағыт пен мазмұнды таңдау» тақырыбында өтті. Оған Академияның профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар мен магистранттары қатысты.
Жиынды ресми түрде ашқан институт директоры Құралай Садықова ғылыми-зерттеу жұмысын жүйелі жоспарлау, тиімді әдіснама таңдау, жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беру және ортақ ғылыми қызығушылығы бар білім алушылар арасында нетворкинг алаңын қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Экономика ғылымдарының докторы Раушан Дуламбаева сарапшылар алаңының секциялық workshop форматында ұйымдастырылуы жас ғалымдардың әртүрлі тақырыптарды бірігіп талқылауына, ортақ ғылыми сұрақтарды дамытуына мүмкіндік беретінін айтты.
Шара аясында магистранттар мен докторанттар мынадай бағыттар бойынша жұмыс топтарын құрды:
– Цифрландыру және цифрлық трансформация;
– Аймақтық даму мен ауыл шаруашылығы кешені;
– Мемлекеттік басқару мен құқық;
– Бюджет, қаржы және макроэкономика;
– HR және мемлекеттік қызмет;
– Әлеуметтік саланы дамыту.
Алдағы уақытта бұл топтар өз бағыттары бойынша тың идеялар ұсынып, ғылыми ізденістерін жалғастырады.