Жаңалықтар

Академия ректоры іссапармен Шымкент қаласына барды

30 қараша күні Академия ректоры Ерлан Әбіл іссапармен Шымкент қаласына барды.

Ерлан Қуанышұлы Академияның Шымкент қаласы бойынша филиалының қызметкерлерімен, МҚІА аумақтық департаментінің өкілдерімен және жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің мүшелерімен кездесу өткізді. Жиында ректор Академияның саясаты, құндылықтары, стратегиялық жоспарлары жайлы айтты.

Сонымен қатар іссапар аясында филиал ғимаратындағы мемлекеттік қызмет мұражайының ашылу салтанатына қатысты. Мұражайдың ашылуына Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті баспасөз қызметінің іс жүргізу бойынша инспекторы Қ.Т. Дүйсенби, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Ш.А. Сұлтанхан, Шымкент қаласы әкімдігінің Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі  басқарма басшысы Б.А. Өнербаев, филиалда ұзақ уақыт қызмет атқарған ардагер зейнеткер Б.М. Ешмуратова, жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің мүшелері, Шымкент қаласы «Оқушылар үйінің» тәрбиеленушілері, департамент және академия филиалының қызметшілері қатысты.

Академия филиалында мұражай ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Д.Жазықбайдың тапсырмасы аясында ашылды. Ректор құттықтау сөзінде мұражайдың ұрпақтар сабақтастығын жалғайтынына, жас мемлекеттік қызметшілерге берері көп екеніне тоқталды.

Ал Шымкент қаласы әкімдігінің Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Бахтияр Өнербаев: «Мұражай өскелең ұрпақтың санасында өткенге деген құрмет пен болашақты тануға бағдар беретін теңдессіз дүние. Жастар бойында елге қызмет етудің үлгісін дәріптейтін құралдардың бірі», – деп атап өтті.

Шымкент қаласы «Оқушылар үйінің» бір топ тәрбиеленушісі суреттерінде болашақ мемлекеттік қызметші бейнесін қалай көретінін бейнелеп, байқауға қатысты және олардың жұмыстары мұражайға тапсырылды.

Іссапар аясында Ерлан Қуанышұлы Жастар ресурстық орталығында «Қоғамдағы жастардың рөлі» тақырыбында өткен кездесуде Шымкент қаласы жастарымен жүздесті. Өз сөзінде мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруде жастар өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.


Your browser does not support SVGs