30 шілде күні Академияда магистратура мен докторантураның бағдарламаларына оқуға түсудің екінші кезеңі – сұхбаттасу басталды.
Қабылдау науқанына орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері қатысуда. Сұхбаттасу 4 тамызға дейін жалғасады.
Сұхбаттасуға ағылшын тілінен APTIS бойынша тестілеуді сәтті тапсырған, сондай-ақ оқу ағылшын тілінде жүргізілетін жоғары оқу орындарын бітіргендігі туралы дипломдарын ұсынған үміткерлер, IELTS немесе TOEFL сертификаттарының иегерлері шақырылды.
Бағдарламалар бойынша комиссия құрамында Парламент Сенатының депутаттары, Президент Әкімшілігі, Қауіпсіздік Кеңесі, Премьер-Министр Кеңсесі, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы, орталық және жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар, коммерциялық құрылымдар, ғылыми-зерттеу институттар, Назарбаев Университеті, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, серіктес-шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ шет мемлекеттердің елшілері және Академия профессорлары бар.
Академияның магистратура мен докторантура бағдарламаларына қабылдау туралы шешімді тамыздың бірінші жартысында Қабылдау комиссиясы шығаратын болады.