Жаңалықтар

Республикалық ғылыми жобалар конкурсы өз мәресіне жетті

Академияда Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделіне арналған үздік ғылыми жобалар республикалық конкурсының қорытынды кезеңі өткізілді.

Мақсаты – білімнің салтанат құруын нығайту, қоғамдық сананы жаңғыртуда жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық сананың қазақстандық моделін дамытуда тың идеялар мен жаңа көзқарастарды іздестіру болып табылатын шараны Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы және Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды.

Конкурстың қорытынды кезеңінде еліміздің Алматы, Атырау, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар облыстары мен Астана қаласынан келген ғалымдар мен зерттеушілер, сондай-ақ 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар, ғылыми–сарапшылық қауымдастықтардың өкілдері орындаған 11 ғылыми жоба сарапшылық комиссия алдында таныстырылып, қорғалды.

Нәтижесінде жас ғалымдар арасында жүлделі 1-орынды «Ұлттық идея қазақстандық қоғамды топтастырудың факторы ретінде» ғылыми жобасы үшін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, саясаттану мамандығының докторанты Пұсырманов Нұрбек Серікұлы иеленсе, Назарбаев Университетінің докторанты Ханин Станислав Витальевич пен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, магистр Шмидт Мария Александровна бірлесе орындаған «Мәдениетаралық құзыреттілікті дамыту арқылы студент жастардың бойында «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қалыптастыру» ғылыми жобасы 2-орынды иеленді. Ал 3-орын Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің магистранты Байарыстанова Жұлдыз Мәлікқызына «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат контексінде» ғылыми жобасы үшін тиеілі болды.

Ғалымдар арасында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ғалымдары Мамыт Амангелді Алтыбайұлы, Нұрпеисов Нариман Жұмашұлы, Құрбанов Агапаша Гулалиевич бірлесе орындаған «Түркі халықтарына ортақ рухани-мәдени мұралар» ғылыми жобасы жүлделі 1-орынға ие болды. 2-орын «Қазақ халқының еліміздегі ынтымақтастық пен бірлікті нығайтудағы рөлі» ғылыми жобасының авторы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, Е.Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы және этнографиясы ғылыми-практикалық орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы Құдабаев Амантай Жетпісұлының қанжығасына байланса, 3-орынды «Жастардың рухани жаңғыруы мен көпмәдениетті бағыттылығын қалыптастыру» жобасы үшін Қостанай педагогикалық институтының ғалымдары Евдокимова Ольга Николаевна мен Карбенова Зауре Оразбекқызы иеленді.

Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.


Your browser does not support SVGs