Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметшілер Интернет кеңістігіндегі шынайы емес мәліметтерді анықтау және түзету бойынша Канаданың тәжірибесін үйреніп жатыр

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында 2017 жылдың 27-29 қарашасы аралығында Канададан келген сарапшы Майк Куджаскидың қатысуымен «Интернет кеңістігінің мониторингі» тақырыбында біліктілікті арттыру семинары өтіп жатыр.

Майк Куджаски – Мемлекеттік сектордағы маркетинг бойынша озық тәжірибе орталығының (CEPSM) басқарушы серіктесі мен аға консультанты.

Ол стратегиялық маркетинг, цифрлы/әлеуметтік желілер, жеке және ұйымдық брендинг, маркетингтік зерттеулер, әлеуметтік желілерді талдау және әлеуметтік мінез-құлықтағы маркетинг өзгерістеріне маманданған.

Сонымен қатар, оның маманданған саласына стратегиялық жоспарлау, ұйымдастырушылық қайта құрылымдау, тәуекелдерді басқару, соның ішінде, жалдау және ұйымдық саясат бойынша ұсыныстар әзірлеу кіреді. М. Куджаскидың клиенттері арасында Канаданың сайлау комиссиясы, Қаржы инспекциясы басқармасы, Канаданың теледидар, радио және телекоммуникация жөніндегі комиссиясы, Канаданың Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық қорғаныс департаменті, Пил және Сандер-Бей ауданының денсаулық сақтау басқармасы, Танзания үкіметі сияқты мемлекеттік ұйымдар және т.б. бар.

Семинарда келесідей сұрақтар қарастырылады: ғаламдық цифрлы ландшафтқа, соның ішінде Қазақстандағы жағдайға шолу, мемлекеттік басқарудағы қажетті негізгі цифрлы трендтер, мониторингке кіріспе, интернет мониторингтің ақысыз және жетілдірілген құралдар үлгілері, күмәнді ақпаратты тиімді анықтау және түзету және т.б.

Оқыту аясында қатысушылар тиімді шешімдер қабылдау үшін қазіргі онлайн ортаны «тыңдауды», сонымен бірге интернеттегі күмәнді ақпаратты анықтау және түзетуді үйренеді. Оқытудың қорытындысы бойынша тыңдаушылар интернет-кеңістікті бақылаудың әртүрлі құралдарын және әдістерін қолдану туралы практикалық түсінік алады.

Семинарға Президент Әкімшілігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Қазақстан Республикасының басқа да орталық және жергілікті мемлекеттік органдарының мемлекеттік қызметшілері қатысуда.

Семинар аяқталған соң тыңдаушыларға сертификаттар табысталады.


Your browser does not support SVGs