Жаңалықтар

Қазақстан Республикасының жаңа салық кодексі

Бүгін «Даму күні» аясында «Diplomatic Talks» тілдік клубының кезекті отырысы өтті. Кездесудің тақырыбы — «Kazakhstan’s Breakthrough: Digital Public Services», ол Қазақстандағы цифрлық мемлекеттік қызметтерді енгізу мен дамыту мәселелеріне арналды. Іс-шараға Дипломатия институтының магистранттары қатысып, елдің цифрлық трансформациясының негізгі бағыттарын, мемлекеттік басқару жүйесіндегі инновациялардың рөлін және заманауи дипломатиядағы цифрлық технологиялардың маңызын талқылады. Талқылау барысында қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, цифрлық сауаттылықты арттыру және цифрлық қызметтерді жетілдіру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

«Даму күні» аясында Дипломатия институтының аға оқытушылары Гүлнұр Ғұсманқызы Қантаева мен Мариям Қалмақанқызы Нұрсапинова «English for Pleasure» клубының кезекті отырысын өткізді. Іс-шараға MRD-25 және MHRM-25 топтарының магистранттары қатысты. Кездесу ағылшын тіліндегі қызықты «English Fun Quiz» ойыны форматында өтіп, қатысушылардың сөйлеу дағдыларын дамытуға, сөздік қорын кеңейтуге және грамматикалық білімдерін бекітуге бағытталды. Магистранттар интерактивті тапсырмаларды белсенді орындап, сүйікті фильм жанрларын талқылап, қызықты деректермен бөлісіп, топтық сайыстарда ағылшын тілін тәжірибеде қолданды. Шығармашылық және еркін атмосфера қатысушылардың ағылшын тілінде еркін сөйлесуіне және тілді үйренуге деген ынтасын арттырды.

Басқару институтының ұйымдастыруымен «Блокчейн-технологияны мемлекеттік басқару мен экономикада қолдану» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға профессорлық-оқытушылық құрам, докторанттар мен магистранттар, шақырылған сарапшылар қатысты. Дөңгелек үстелді Академияның корпоративтік және қаржылық қызмет жөніндегі вице-ректоры Бекіш У.А. жүргізіп, блокчейн технологияларының мемлекеттік басқарудағы рөлі мен маңыздылығына тоқталды. Іс-шарада “Қазақстан блокчейн-технологиялар және деректер орталықтары қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Карашев Д.Д. елдегі блокчейн-технологиясының даму болашағы цифрлық экономиканы дамыту мен мемлекеттік қызметтерді ашық етуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, оның толыққанды жүзеге асуы үшін заңнамалық базаны жетілдіру және мамандар даярлау деңгейін арттыру қажеттігін айтты.

Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Сабыржан А. Қазақстанда мемлекеттік басқаруда блокчейн-технологияларын енгізудің өзекті мәселелері негізінен құқықтық, техникалық және ұйымдастырушылық қиындықтармен байланысты екенін баяндады. Ол мемлекеттік органдардың деректер жүйелерін біріктіру мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өзекті мәселе болып табылатынын, сондай-ақ мамандардың жетіспеушілігі мен реттеуші нормативтік базаның толық қалыптаспауы бұл процесті баяулататынын атап өтті.

«Экономика» білім беру бағдарламасының докторанты Алимханова А.К. мемлекеттік басқару мен экономикада цифрландырудың институционалдық негіздері тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға және деректерге негізделген шешімдер қабылдауға бағытталғанын атап өтті. «Цифрлық мемлекеттік басқару» білім беру бағдарламасының магистранты Уайрина М.И. мемлекеттік қызмет көрсету мониторингінің цифрлық жүйесін жаңғырту азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және олардың орындалуын нақты бақылауға бағытталғанын баяндады. Қатысушылар мемлекеттік қызметтерді цифрландырудағы, деректер қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі және бюрократиялық кедергілерді азайтудағы блокчейннің әлеуетін талқылады. Дөңгелек үстел инновациялық идеялармен алмасуға және жаңа серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.

Басқару институтымен Біріккен Ұлттар Ұйымы моделі форматындағы “Тұрақты даму мақсаттарына (SDG) қол жеткізудегі жасыл технологиялар” атты зияткерлік сайысы “Үйлесімді көшбасшылық” көпфункционалды алаңында ұйымдастырылып, магистранттар мен докторанттардың қатысуымен өткізілді.

Сайыста 12 елдің жасыл технологияларды қолдану саясаты талқыланып, әр елдің позициясы қорғалды. Біріккен Ұлттар Ұйымы моделі – көшбасшыларға арналған бірегей тәжірибелік алаң. Зияткерлік ойын қатысушылардың аналитикалық ойлауын, стратегиялық шешім қабылдау, дәйекті аргументация жасау, келіссөздер жүргізу қабілетін, мемлекеттік және халықаралық деңгейде көпшілік алдында сөйлеу шеберлігін дамытады.

Даму күні аясында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нурия Ниязова Академия қызметкерлерінің, магистранттар мен докторанттармен кездесіп, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін Салық кодексіндегі негізгі жаңалықтар туралы баяндама жасады. Депутат корпоративтік және жеке табыс салығы мөлшерінің өзгеруі, арнаулы салық тәртібін оңтайландыру және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру шараларына жан-жақты тоқталды. Сенатордың айтуынша, қабылданған өзгерістердің мақсаты салық жүйесін жеңілдету, әкімшілік жүктемені азайту және тұрақты экономикалық өсу үшін жағдай жасау болып табылады. «Тиімді салық саясаты қалыптасқанда кәсіпкерлік дами түседі, инвестиция қарқын алады және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Жаңа кодексте әлеуметтік маңызы бар салалар мен экономиканың нақты секторын қолдау бағдары сақталғаны аса маңызды», – деді Нурия Ниязова.


Your browser does not support SVGs