Академияда «Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесіне климаттық саясатты интеграциялау» тақырыбында қоғамдық-саяси диалог өтті. Шараны «Green Academy» Ғылыми-білім беру орталығы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, Астана қаласының Қоршаған орта және табиғат пайдалануды қорғау басқармасының, FAO жобасы, SIPA/IDDRI (Франция) қолдауымен ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – Бразилияның Белен қаласында өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптары конференциясының (COP30) қорытындыларын талқылау және климаттық саясаттың қағидаттарын Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарлау және мемлекеттік басқару жүйесіне интеграциялау бойынша ұсынымдар әзірлеу.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранттары мен докторанттары қатысты.
Қатысушылар 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына жету стратегиясын тиімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйымдар күштерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Диалог барысында әзірленген ұсыныстар (“Ангел” ҚБ директоры, Людмила Петрова) Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданатын болады. Ұсыныстар 2025 жылғы 10 желтоқсанға дейін қабылданады.
