Жаңалықтар

Түркітілдес мемлекеттер ұйымына мүше елдер өкілдерінің кездесуі

2023 жылдың 23-24 қазан аралығында Самарқанд қаласында Түркітілдес мемлекеттер ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің Адами ресурстарына жауапты мекеме басшыларының екінші кездесуі (The 2nd Meeting of Heads of Agencies Responsible for the Development of HR) өтті.

Кездесуге Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия мемлекеттерінің өкілдері қатысты. Әрбір ел делегаттары мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін дамыту және мемлекеттік қызметтегі жаңашылдықтар бойынша өз тәжірибелерін таныстырып, өзекті мәселелерді қозғады.

Академия ректоры Ерлан Әбіл құзыреттілік негізінде білім беру тақырыбында баяндама жасап, Академиядағы құзыреттерді бағалау, білім алушылардың кәсіби әлеуетін дамыту және оқу траекториясын құру сынды мәселелерге тоқталып өтті.

Орталық Азия елдерінің Академия басшылары мемлекеттік қызметшілерді оқыту, кадрларды даярлау мәселелерін талқыға салды. Түркия HR офисінің Президенті соңғы жылдары жүзеге асырылған бірлескен жобалар мен іс-шаралар және жеткен жетістіктерді атап өтті. Сонымен қатар кездесуге қатысушылар Түркітілдес мемлекеттер арасында жастар саясаты және білім беру саласында ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізді.

24 қазанда ТМҰ-ға мүше елдердің Адами ресурстарына жауапты мекеме басшыларының екінші кездесуі аясында Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мемлекеттерінен келген делегация Өзбекстандағы жергілікті басқарудың бір мысалы – «Махаллебай» жүйесінің қызметімен танысты.

Кездесуде Куштамгали махалласының мысалында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында махаллебей (шағын аудан өкілдерінің) жүйесінің қаншалықты маңызды екені, жергілікті деңгейде халықтың қажеттіліктері мен сұраныстарын ескере отырып шешім қабылдаудағы рөлі түсіндірілді.

Осылайша тараптар жергілікті халықтың күнделікті мәселелерінің қалай шешілетіні және олардың жергілікті билік өкілдерімен қарым-қатынасын бақылау мүмкіндігін алып, тәжірибе алмасты.

 


Your browser does not support SVGs