Жаңалықтар

Сингапурда The Global Government Summit 2026 және Leaders Forum өтті

2026 жылғы 21-22 қаңтар күндері Сингапур қаласында The Global Government Summit (Жаһандық мемлекеттік басқару саммиті) өтті. Бұл – мемлекеттік басқарудың заманауи мәселелері, адами капиталды дамыту және мемлекеттік секторда инновациялық шешімдерді енгізу тақырыптарын талқылау үшін мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірген жетекші халықаралық алаң.

Саммит аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі 2026 жылғы 20 қаңтарда өткен Leaders Forum болды. Форум бағдарламасында мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні практикалық қолдану, жаһандық инновациялармен алмасу, жаңа технологияларға деген сенімді арттыру, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік қызметтер көрсету процесіне қатысуын кеңейту мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар деректерге негізделген тәсілдер арқылы мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру тақырыптары талқыланды.

Академия ректоры Азамат Жолманов «Трансформация туралы диалог: цифрлық үкімет үшін ортақ тілді қалай қалыптастыруға болады» атты воркшопқа қатысып, онда сарапшылар мен практиктер мемлекеттік сектордағы цифрлық трансформацияның негізгі аспектілерін талқылады. Әсіресе, технологиялардың мемлекеттік қызметшілердің нақты қажеттіліктері мен міндеттеріне сәйкес келуі үшін мемлекеттік институттар ішінде пәнаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Форумнан бөлек, бағдарлама аясында қатысушылар Сингапурдағы мемлекеттік басқарудың озық тәжірибелерімен танысып, тәжірибе алмасты. Атап айтқанда, «Ақылды ұлт» (Smart Nation) бастамасын ілгерілетіп, мемлекеттік сектордың цифрлық трансформациясын жүзеге асырып отырған Сингапурдың Үкіметтік технологиялар агенттігі (GovTech)-не бару жүзеге асырылды.

GovTech Сингапур үкіметінің цифрлық қызметтерін дамытуға және ұсынуға, сондай-ақ заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, желілер мен деректер аналитикасын пайдалану арқылы ұлттық цифрлық бастамаларды қолдайтын инфрақұрылымды қалыптастыруға жауапты.

Сапар барысында делегация Accenture компаниясының Сингапурдағы кеңсесіне де барып, стратегия, консалтинг, технологиялар және операциялық қызметтер саласындағы кәсіби тәжірибесімен танысты.

Сонымен қатар Академия ректоры Азамат Сағатұлы Сингапурдың Мемлекеттік қызмет колледжінің (Civil Service College, Singapore – CSC) деканымен кездесу өткізді. Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілерді даярлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мемлекеттік басқару мен мемлекеттік сектор кадрларының құзыреттерін дамыту бағытында Сингапурдың үздік тәжірибелерімен алмасу мүмкіндіктері талқыланды.


Your browser does not support SVGs