Жаңалықтар

Салық-бюджет саясатын реформалау мәселелері

Бүгін Академияда Даму күні аясында халықаралық сертификатталған жобалық менеджер, IPMА стандарттары бойынша сертификатталған маман, «Қарызсыз қоғам» жобасының Астана қаласы бойынша менторы, қаржы сарапшысы және бизнес-тренер Бадеева Зульфия Мадиевна дәріс оқыды. Академия магистранттары, докторанттары мен қызметкерлеріне «Қаржылық интеллект. Ақшаны басқару өнері» тақырыбында маңызы зор дәріс өткізілді.

Зульфия Мадиевна қаржылық менеджмент пен инвестиция саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, тыңдаушыларға жеке қаржысын басқару және тиімді инвестициялау жөнінде практикалық кеңестер берді. Дәріс барысында қаржылық стратегиялар, дұрыс жоспарлау және қаржы мақсаттарын қоюдың маңыздылығы туралы айтылды.

Академияның Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің ұйымдастыруымен өткен кездесу білім алушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және жастарды тиімді ақша басқару дағдыларымен таныстыруға бағытталған. Мұндай кездесулер қатысушылар үшін кәсіби дамуға үлкен мүмкіндік болары сөзсіз.

Даму күні аясында өткен «Экономист+» сараптамалық алаңында Мемлекеттік басқару академиясының сарапшылары, оқытушылары мен білім алушылары бюджет-салық саясаты (БСС) реформасын талқылады. Негізгі өзгерістердің қатарында – ҚҚС-ты 20%-ға дейін арттыру, ҚҚС бойынша есепке алу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету және арнайы салық режимдерін қысқарту бар.

Талқыланған негізгі мәселе: Бұл шаралар елдің экономикалық жағдайына және тұрақты даму мақсаттарына қаншалықты сәйкес келеді?

Үкімет ұсынған шектеу шаралары, әдетте, экономиканың шамадан тыс қызу кезеңінде қолданылатын әдістер. Алайда, Қазақстан қазір экономикалық өсімнің баяулауымен бетпе-бет келуде. Ал реформаның басты мақсаты – бюджет кірісін ұлғайту. Егер мақсаттар мен құралдар арасында сәйкессіздік орын алса, мұның салдары ауыр болуы мүмкін.

Негізгі қауіптер:
– Инфляцияның жеделдеуі және бағаның өсуі.
– Салық базасының қысқаруы: шамамен 300 мың шағын және орта бизнес субъектілері зардап шегуі мүмкін.
– Кәсіпкерлердің банкротқа ұшырауы салдарынан жұмыссыздықтың өсуі.
– Көлеңкелі экономиканың ұлғаюы.

Жүйелі тәсілдің қажеттілігі
Реформа нақты экономикалық жағдайларды, қолданыстағы жүйенің тиімділігін және ықтимал қауіптерді ескеруді талап етеді. Мақсаттар мен құралдардың өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету маңызды, әйтпесе бұл қымбат әлеуметтік-экономикалық қателікке әкелуі мүмкін.

Бюджет кірісін арттырудың балама жолдары
– Мемлекеттік шығындарды оңтайландыру және активтерді тиімді басқару.
– Көлеңкелі импортпен күрес.
– Капиталға амнистия жасау.
– Салалар бойынша салық жүктемесінің теңгерімділігін қамтамасыз ету.

Сарапшылар атап өткендей, реформа салық ауыртпалығын әділ бөлуді, оның әлеуметтік салдарын және мақсаттар мен құралдардың сәйкестігін ескеруі тиіс. Қазақстанға экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін ойластырылған, теңгерімді салық саясаты қажет.


Your browser does not support SVGs