Жаңалықтар

«Отаншылдық деген ұлы сезім…»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» деген тақырыпта «Turkistan» басылымына берген сұхбатында: «Отаншылдық деген ұлы сезім жылтырақ сөзбен, жалған әрекетпен бағаланбауға тиіс… Отаншыл болу – туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету деген сөз», – деп атап көрсетті. Осы ретте Мемлекет басшысы «Азияда «заң мен тәртіпке бағынып, береке-бірлікте, тату-тәтті өмір сүрудің «үлгілі үйлесімі» барын» өзгеше  бағалады.

Адамзат қоғамының сан ғасырлық тәжірибесінің нәтижесі, заң мен тәртіпке негізделген моральдық, этикалық нормаларының үйлесімді синергиясы, эстетикалық пәлсапа заңдылықтары, ұлттық-мәдени құндылықтар әлемі – барлығы тоғыса келе «құқықтық мемлекеттің іргетасын, азаматтардың қоғамдық және жеке қауіпсіздігінің алғышартын», отаншыл рухтың бастауын қалайтыны сөзсіз. Оған Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 5 қарашадағы №1081 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» дәлел бола алады. Нәтижесінде қоғам, мәдениет, сaна ұғымдарының төрелігінен бастау алған «адамтану» мен «тұлғатану» сияқты іргелі ілімдер маңызды әрі мүдделі басымдықтар үйлесімі деп қабылдануда.

Бүгін «Қазақстан азаматы қандай болу керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай?» деген сұрақтар төңірегінде өрбіген тұжырымдар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай жиналысында белгілеп берген бағдарымен сараланып отыр. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз ұғымдар… Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады» деген тұжырымды ойлары «жаңа қоғамдық этика», «азаматтардың өзара тілектестігі», «сенім мен жауапкершілік», «парасаттылық пен адамгершілік», «адал табыс», «арлы адам», «қоғамдық ізгілік» сияқты бірқатар мағыналы да мазмұнды ұстанымдарға басымдық беруімен өзектелуде.

«Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі», – деп  қазақтың көрнекті ғалымы, ағартушы А. Байтұрсынұлы атап өткендей, «тарих – төреші, уақыт – сыншы» заманда пайымы мен танымы тереңнен өрбитін құндылықтар қатарын «қоғамымыздың болмысы мен бет-бейнесін түбегейлі өзгертер» «тарихи мүмкіндіктер» мен «цифрлық өзгерістер», салалық дамудың «тың серпіндері», адам мен оның өмірі, құқықтары мен даму кеңістігі, рухани болмысы мен ішкі сенімі нақтылар. Осыған орай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясындағы Жалпы дебатта белгілеп берген «қауіпсіздік архитектурасын қалпына келтірер» «саяси көшбасшылықтың» нысаналы индикаторлары да, «мемлекет басшыларының бейбітшілікке ұмтылу жолындағы» жаһандық міндеттері де, «жаңғыру саясатының» берік қағидаттары да Қазақстанның дамуындағы «ауқымды саяси өзгерістердің» құнды бастауларын, тұжырымды белестерін айқындары сөзсіз.

Мемлекет пен ел болашағы өз міндетін зор сеніммен арқалаған азаматтардың үлесімен, ертеңгі күннің аманатын пайымдай білген қоғам мүшесінің терең түсінігімен өлшенеді. Бұл қатарда білім беру ордалары мен кәсіби даму орталықтарының алдында тұрған іргелі мақсат адамның зияткерлік қабілетін азаматтық келбетімен, отаншыл рухымен, құндылықтар көкжиегімен, жоғары пәлсапалық ұғымдар тоғысымен сабақтастыра келе, дарынды ұрпақ, ойлы да адал азамат тәрбиелеу деп түсінген маңызды.

 

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы

Мемлекеттік басқару академиясының

Академиялық қызмет жөніндегі вице-ректоры  Э. Н. Оразалиева


Your browser does not support SVGs