Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Академияның білім алушыларына мотивациялық дәріс оқыды

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Академияның магистранттарына және докторанттарына мотивациялық дәріс оқыды.

Агенттік төрағасы қатысушыларға тиімді мемлекеттік басқару, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі көшбасшылықты дамыту және адами ресурстарды басқару сапасын арттыру мәселелері туралы айтты. Сонымен қатар этика, ашықтық және есептілік қағидаларына ерекше назар аударды.

Дәріс барысында магистранттар мен докторанттарға Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген мемлекеттік қызметті цифрландырудың негізгі бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, елді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру, басқару процестеріне жасанды интеллект енгізу, платформалық экономика дамыту және үлкен деректер технологияларын қолдану мақсаттары түсіндірілді.

Сонымен қатар адами ресурстарды басқаруда стратегиялық көзқарасты нығайту мақсатында лекцияның бір бөлігі Макс Вебер идеяларын қазіргі заманға сай қайта қарау, Джеймс Перридің мемлекеттік қызметке мотивация теориясы, «New Public Management» және «Good Governance» тұжырымдамаларына арналды.

Академия білім алушылары мемлекеттік қызметшілерді оқыту және мемлекеттік қызметті дамыту бойынша ұсыныстарын айтып, сұрақтарына жауап алды.

Кездесу соңында Дархан Медеғалиұлы магистранттар мен докторанттарды мемлекеттік қызметті жетілдіруге белсенділік танытуға шақырып, жаңа идеялар мен бастамаларға ашық екенін атап өтті.


Your browser does not support SVGs