27 маусым күні ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектеріне салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті. 2024-2025 оқу жылында 109 магистрант және 4 докторант дипломын сәтті қорғады.
Салтанатты шараның ашылуында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай түлектерге сәттілік тіледі. Агенттік төрағасы Мемлекеттік басшысы Қ.К. Тоқаевтың тапсырмалары аясында мемлекеттік қызметте енгізіліп жатқан өзгерістер туралы айтты, оның ішінде Мемлекеттік басқару академиясын үздік аяқтаған түлектердің өңірлік деңгейде конкурссыз негізде басшылық лауазымдарға тағайындала алатынын атап өтті.
Академия ректоры Азамат Жолманов түлектерді құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Сондай-ақ түлектерге диплом табыстау үшін арнайы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Әсетұлы Бақаев, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Асан Көбентайұлы Дарбаев шақырылды.
Академияда «Мемлекеттік саясат» білім беру бағдарламасы бойынша магистратураны тәмамдаған Айсана Рахимова өңіріне оралып, мемлекеттік қызметтегі еңбегін жалғастырмақ.
«Бүгін біз үшін қуанышты, ерекше күн. Академия басшылығына, профессорлық-оқытушылық құрамына білім алушыларға берген зор мүмкіндігі үшін мың алғыс. Енді Павлодар өңіріне оралып, қызметімді жалғастырмақпын», – деді Академия түлегі.Атап өтейік, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2025-2026 оқу жылына магистратураға және докторантураға оқуға құжат қабылдау осы жылдың 25 маусымына дейін жүргізілді. Жаңа оқу жылына мемлекеттік қызметшілер үшін 132 грант (магистратураға – 120, докторантураға – 12) бөлінді.