Жаңалықтар

Мемлекеттік басқарудың ұлттық жоғары мектебінің құрылу тарихы

Бүгін ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 30 жылдығына арналған «Даму күні» аясында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық жоғары Мемлекеттік басқару мектебінің бұрынғы директоры (1995-1998 жж.) Қайыржан Шайхыұлы Тақуовпен кездесу өтті. Кездесуді Академия ректоры Ерлан Әбіл жүргізді.

Академия қызметкерлерімен кездесу барысында Қайыржан Шайхыұлы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқарудың ұлттық жоғары мектебінің құрылу тарихы туралы айтып берді.

«Барлық кадр бұрынғы Кеңестік партия қызметкерлері болғандықтан, Қазақстан егемендік алғаннан кейін кадр жетіспеушілігі сезілді. Сондықтан нарықтық экономикаға, тәуелсіздікке бейімделген жаңа формация кадрлары болғанын қаладық», – деді ол.

1994 жылы Қазақстан Президентімен кездесу барысында Франция президенті Франсуа Миттеран мемлекеттік қызметшілерге арналған мектеп құруда ұйымдастырушылық және әдістемелік көмек көрсетуді ұсынды. Қазақстан Республикасының Президентi мен Министрлер Кабинетi Аппараты басшысының орынбасары Қайыржан Шайқыұлы Францияның Әкімшілік ұлттық мектебінің (ENA) жұмысын зерттеу үшін іссапарға жіберілді.

«1945 жылы Францияда Әкімшілік ұлттық мектебі (ENA) құрылды. 1994 жылы маусымда Аппараттағы кадр бөлімінің қызметкерімен бірге Францияға барып, онда 10 күн бойы ENA жұмысын зерделеп, аталған мектептің және министрліктердің басшылығымен кездестік. Қазақстанға оралғаннан кейін мен елімізде сондай мектеп құру және Мемлекеттік қызмет туралы заңның қажеттілігі туралы ұсыныстар дайындадым. Президент тез арада Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Мемлекеттік басқарудың ұлттық жоғары мектебін құру туралы қаулы дайындауды тапсырды. Сол күні біз нақты мерзімі жазылған Қаулы дайындадық, онда 1994 жылдың қазан айында алғашқы оқуға қабылдау жариялануы керек делінген», – деп тарихи оқиғамен бөлісті.

Сол жылы мектеп директоры болып Президенттің баспасөз хатшысы Нұрлан Даненов тағайындалды. Кейінірек, 1995 жылы Қайыржан Шайхыұлы директор қызметін бастап, Ұлттық жоғары Мемлекеттік басқару мектебіне оқуға қабылдау туралы ережені дайындаған.

Қайыржан Шайхыұлы кездесу барысында оқытушыларды тарту және білім беру бағдарламасын құру процесі туралы айтты. Мемлекеттік қызметшілерге дәріс оқуға министрліктер мен әкімдіктердің қызметкерлері шақырылды. Ұлттық жоғары Мемлекеттік басқару мектебінің сол кездегі тең директоры Кристиан Висантидің көмегімен оқу бағдарламасы құрылды. Француз тарапы әдістемелік көмек көрсетіп, қажетті әдебиеттерді ұсынды, сондай-ақ Францияда қазақстандық тыңдаушылар үшін тағылымдамалар ұйымдастырылды.

«Франция тарапы оқытуды француз тілінде жүргізуді ұсынды, мен тыңдаушыларға таңдау құқығын беріп, француз, ағылшын және қазақ тілдерінде білім беру туралы ұсыныс білдірдім. Француздар тарапынан қаржылық қолдау көрсетілмеді, бірақ қажетті әдебиеттермен қамтамасыз етті. Сондай-ақ Қазақстанның Франция Республикасындағы елшісімен егер ол жақтан саяси тұлғалар, мемлекеттік қайраткерлер келсе, біз оларды қонақ дәріске шақырамыз деп келістік. Бір жылдық оқуды аяқтағаннан кейін олар 6 тыңдаушыны Францияның Әкімшілік ұлттық мектебіне (ENA) тағылымдамадан өтуге шақырды», – деді Қайыржан Тақуов.

Өз сөзінде Қайыржан Шайхыұлы Академия 30 жыл ішінде мемлекеттік қызметшілерді даярлауда маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Сондай-ақ өзінің өнегелі өмірі жайлы кітабын Академияның кітапхана қорына табыстап, тарихи материалдармен бөлісті.

Кездесу сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды. Академия ректоры мен қызметкерлері Қайыржан Шайхыұлына қызықты әрі танымдық әңгімелері үшін алғыс білдірді.

 

 

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару

 академиясының баспасөз қызметі

 


Your browser does not support SVGs