Бүгін Басқару институты профессор-оқытушылар құрамының 2024–2025 оқу жылындағы ғылыми жарияланымдарының таныстырылымы өтті. Институт оқытушылары мемлекеттік қызметшілердің зияткерлік әлеуетін арттыруға және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін факторларды зерттеуге арналған еңбектерді жариялады.
Зерттеулерде ақша-несие және салық-бюджет саясаттарының институционалды құрылымы, азық-түлік қауіпсіздігі, экономикалық процестер мен көрсеткіштерді эконометрикалық талдау әдістері, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін реформалау мен оның тиімділігін бағалау мәселелері қамтылған. Басқару институтының зерттеушілері алдағы уақытта да мемлекеттік басқару, ұлттық экономика және мемлекеттік қызмет жүйесі салаларын талдауды жоспарлауда. Бүгін «Даму күні» аясында English for Pleasure клубының ашылуы өтті. Бұл ағылшын тілін еркін және шығармашылық ортада дамытуға арналған жаңа платформа.
Клубтың алғашқы отырысы «Movies» тақырыбына арналды. Академияның магистранттары мен докторанттары сүйікті фильм жанрларын талқылап, өз пікірлерімен бөлісіп, ағылшын тілінде интерактивті тапсырмалар орындады. Ерекше қызығушылық тудырған шығармашылық бөлім — пантомима көрсету болды. Мұнда қатысушылар өздерінің әртістік қабілеттерін және ағылшын тілінде импровизация жасау шеберлігін көрсетті.
Сонымен қатар тыңдаушылар “Extra” атты қысқаметражды фильмді тамашалап, оны талқылау арқылы коммуникативтік дағдыларын, сыни ойлау қабілеттерін және тақырыптық сөздік қорларын жетілдірді.
Бүгін «Даму күні» аясында Дипломатия институтының ұйымдастыруымен «Diplomatic Talks» клубының кезекті кездесуі өтті. Кездесудің тақырыбы — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы болды.
Қатысушылар Жолдауда айтылған негізгі идеялар мен бағыттарды талқылады. Атап айтқанда, жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық трансформация, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ инновациялық экономиканы қалыптастырудағы жастардың рөлі сияқты маңызды мәселелер қозғалды. Кездесу ағылшын тілінде ашық пікірталас форматында өтті. Қатысушылар тілдік және коммуникативтік дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, технология дәуіріндегі Қазақстанның болашағы туралы өз көзқарастарын білдірді.
“Даму күні” аясында “Қазақстандағы зайырлылық саясаты және діни ахуал” тақырыбында бұқаралық дәріс өтті. Дәрісті Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Жақиянов Талғат Жәрдемқұлұлы оқыды. Дәріс аясында тыңдаушылар зайырлылықтың құқықтық және ғылыми негіздерімен кеңінен танысып, еліміздің дін саласындағы өзекті мәселелерін талқылады.