Бүгін «Даму күні» аясында Дипломатия институтының «Diplomatic Talks» тіл клубы аясындағы кезекті кездесу өтті. Бұл жолғы пікірталас «The use of robots in international events and everyday life» тақырыбына арналды. Іс-шараның модераторы, MIR-2025 тобының магистранты Сагизбаев Рустем, қатысушыларды белсенді диалогқа тартып, тиімді пікір алмасу алаңын қалыптастырды.
Кездесу барысында қатысушылар робототехниканың қазіргі даму деңгейін, оның халықаралық іс-шараларды ұйымдастырудағы рөлі мен әлеуетін, сондай-ақ инновациялық технологиялардың күнделікті өмірге ықпалын жан-жақты талқылады.
Осындай форматтағы кездесулер тыңдаушылардың ағылшын тілінде еркін сөйлеу дағдыларын жетілдіруге, кәсіби лексиканы тәжірибеде пайдалануға, сөздік қорын кеңейтуге, сондай-ақ сыни және сараптамалық ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Дипломатия институты алдағы уақытта білім алушылардың тілдік және кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталған бастамаларды жалғастырады.
Академияда ұлттық зерде мен стратегиялық ойлауды ұштастыратын ерекше форматтағы Швейцариялық жүйе үлгісі бойынша ұйымдастырылған тоғызқұмалақ сайысы өтті. Зияткерлік додаға Академияның 24 магистранты мен қызметкерлері қатысты. Әр қатысушы түрлі жеті тур бойы бір бірімен алмаса ойнап, стратегиялық талдау мен тактикалық дәлдікті талап еткен шынайы ойын көрсетті. Швейцариялық жүйе жарыс динамикасын арттырып, әр турды жаңа мүмкіндіктер мен күтпеген шешімдерге толы әсерлі кезеңге айналдырды.

Қатысушылар логикалық ойлау қабілеттерін, талдау шеберлігін және интеллектуалдық ептілігін көрсетіп, ойын барысында нақты есептеулерге, батыл стратегияларға және шебер тактикалық қадамдарға жүгінді. Көрермендер үшін әр партия тосын бұрылыстарымен, жеңіске жетелейтін айла-тәсілдермен интригаға толы сәттерімен есте қалды. Тоғызқұмалақты ұлттық құндылық ретінде дәріптеу және оны заманауи форматта көпшілікке ұсыну шараның басты жетістіктерінің бірі болды. Жарыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталып, өздерінің жоғары шеберлігін дәлелдеді. Бұл шара Академиядағы зияткерлік мәдениетті дамытудың, ұжымдық бірлікті нығайтудың және ұлттық ойындарды қолдаудың айқын көрсеткіші.
Даму күні аясында «Қыран» зияткерлік дебат клубының кезекті отырысы өтті. Іс-шараға Экономика, Өңірлік даму және HRM мамандықтарының магистранттары қатысып, жасанды интеллектінің қоғам өміріндегі орнына қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, жасанды интеллектінің адам өмірінің сапасын жақсартудағы рөлі, денсаулық сақтау, білім беру және көлік салаларындағы мүмкіндіктері, экономиканы жеделдету әлеуеті, сондай-ақ адамның қабілеттерін толықтыру немесе алмастыру мүмкіндігі секілді сұрақтар жан-жақты қарастырылды. Командалардың пікірталас мәдениеті, аналитикалық ойлау деңгейі және өз көзқарастарын жүйелі әрі дәлелді түрде жеткізе білуі көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Отырыс қорытындысында үздік аргументация, тиімді стратегия және ораторлық шеберлік бойынша ең мықты қатысушылар анықталды. Барлық көрсеткіштер бойынша үздік нәтиже көрсеткен Экономика мамандығының магистранттары ¼ финалға жолдама алды.
«Қыран» зияткерлік дебат клубы алдағы уақытта да осындай мазмұнды шараларды ұйымдастыра отырып, магистранттардың сыни ойлау қабілетін, көшбасшылық қасиеттерін және заманауи мәселелерге қатысты азаматтық позициясын қалыптастыруды жалғастырады.
