2025 жылғы 25 сәуірде Даму күні аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қызметкерлер мен тыңдаушылар үшін «Өзгерістер кеңсесі» жобасы шеңберінде Түлектер альянсы ұйымдастырған Speaking Club іс-шарасы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіби және тұлғалық даму үшін маңызды болып табылатын soft және self дағдыларын дамыту. Қатысушылар коммуникативтік қабілеттер, эмоционалды интеллект, өзін-өзі таныта білу және командада тиімді жұмыс істеу сынды заманауи құзыреттер бойынша білімдерін тереңдетті.
Спикер ретінде Академия түлегі, Халықаралық мектептің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы және келіссөздер жүргізу саласындағы сарапшы Ғалима Маулен шақырылды. Өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісе отырып, спикер қатысушыларды түрлі интерактивті тапсырмаларға тартып, өз-өзіне сенімділік пен көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған практикалық жаттығулар өткізді. Іс-шара ағылшын тілін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар қатысушылар үшін кәсіби әрі тұлғалық өсуге серпін беретін шабыт көзіне айналды. Бүгін Академия қабырғасында «Даму күні» аясында TEZTAP қазақша куизі мен үстел ойындарының негізін қалаушы Дана Дарханқызы қонақ дәрісі өткізді. Кездесу барысында спикер білім алушылар мен қызметкерлерге TEZTAP жобасының дүниеге келу тарихын баяндап, зияткерлік ойындарды қазақ тілінде дамытуға бағытталған мақсаттарымен, болашақтағы жоспарларымен бөлісті.
«Бүгінде куиз – кең тараған зияткерлік ойын түрлерінің бірі. Алайда, өкінішке қарай, олардың басым бөлігі мемлекеттік тілде өткізілмейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2021 жылы алғаш рет TEZTAP жобасын ұйымдастырдым. Ойын арқылы қазақ тілін қолдау мен ұлттық рухты жандандыруды басты бағыт етіп алдым» — деді Дана Дарханқызы. «Куиз – тек ойын ғана емес, ол – қаланың интеллектуалды әлеуетін дамытатын алаң», – дейді спикер. Оның айтуынша, мұндай ойындар қоғамда қазақша ойлау қабілетін шыңдауға және жаңа зияткерлік ортаны қалыптастыруға жол ашады. Бүгінгі таңда TEZTAP қазақша куиздері еліміздің 8 ірі қаласында, соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында апта сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Қатысушылар саны да артып, бүгінде 33 400-ден астам ойыншыны қамтып отыр. Кездесу соңында шағын зияткерлік куиз ұйымдастырылып, қатысушылар өз білімдерін сынап, шынайы ойын атмосферасын сезіне алды.
Бүгін Академияда Даму күні аясында бірнеше маңызды шара өтті. «Фискалдық және монетарлық саясатты реттеу жөніндегі заманауи көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара экономикалық саясат саласындағы тиімді тәсілдерді нақтылау мақсатында мемлекеттік органдар, ғылыми қауымдастық және талдамалық орталықтар өкілдерінің пікір алмасуына арналған маңызды диалог алаңына айналды. Талқылау барысында қатысушылар ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы теңгерімсіздік, Ұлттық қорды реформалау және мұнай кірістеріне тәуелділікті азайту, салық тәртібін нығайту және мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру, шешімдер салдарын болжау үшін сценарийлік модельдерді қолдану сияқты мәселелерді көтерді. Мазмұнды және аналитикалық баяндамалармен ҚР Ұлттық Банкі өкілі Рүстем Оразалин, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі өкілі Әдлет Ескендiров, Экономикалық зерттеулер институтынан Сара Алпысбаева, Экономикалық модельдеуді дамыту орталығынан Ақбөбек Ахмедьярова сондай-ақ өзге де сарапшылар сөз сөйледі.
Сонымен қатар Дипломатия институтының директоры Волков Алексей Юрьевич дәріс оқыды. Шараға Академия қызметкерлері, магистранттары мен докторанттары қатысты. «Даму күнінің» кезекті қонағы – ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы өзін-өзі реттейтін ұйымның президенті Салтанат Жақсылыққызы Әбдікәрімова. Кездесу «Қазақстандағы жұмысшы мамандықтар жылына» орай және Академияда жүзеге асып жатқан «Өзгерістер кеңсесі» жобасы аясында ұйымдастырылды. Спикер «Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп: қазіргі жағдайы мен даму перспективалары» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, саладағы өзекті мәселелер мен шешу жолдарын кеңінен талқылады. Кездесу барысында отандық брендтердің дамуы, тігін өндірісінің әлеуеті, кадрлық қамтамасыз ету және халықаралық нарыққа шығу мүмкіндіктері туралы сөз қозғалды.
