Академия магистранттары Климент Охридский атындағы София университетінде 14 күндік ғылыми тағылымдамадан өтті.
София университеті – Болгария мен Шығыс Еуропадағы ең беделді оқу орындарының бірі ретінде танымал. Университет ғылыми зерттеулерге белсенді түрде қатысады және халықаралық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Академия мен университет арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға 2023 жылдың 18 шілдесінде қол қойылған. Меморандум аясында «Өңірлік басқару» мамандығының 24 магистранты, «Адами ресурстарды басқару» мамандығының 14 магистранты 2 апталық ғылыми тағылымдамаға барып келді. Сапар барысында Академия магистранттары өздерінің магистрлік жобаларына қатысты құнды ақпараттар жинақтады.
Тағылымдама жоспарына сәйкес магистранттар София, Бургас, Несебър, Созопол қалаларының тарихы мен жергілікті өңірлердің дамуымен танысты. Магистранттарға дәрістерді София университетінің, Бургас Еркін университетінің және «Профессор доктор Асен Златаров» университетінің беделді оқытушылары жүргізіп, басқару және қауіпсіздік, Адам ресурстарын басқару және т.б. тақырыптарды қозғады.
Сондай-ақ Магистрлерді Бургас муниципалитетінің мэрі Димитар Николов қабылдады. Мэр өзінің бюджет, қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Станимир Апостоловпен бірге жергілікті әкімшіліктің білім беруді, инвестицияларды, әлеуметтік саясатты жақсартудағы рөліне байланысты көптеген сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар мемлекеттік органдарға кадрларды тарту және ұстап тұру, жазғы маусымнан тыс туризмді дамыту сынды тақырыптарды талқылады.
Магистранттарға университет тарапынан екі апталық тағылымдаманы сәтті аяқтағаны туралы сертификат табысталды.