ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранттары су тасқынынан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына көмек көрсетуде. Магистранттар гуманитарлық жүктерді үшінші мәрте қоғам өкілдерімен бірлесе жіберді. Оның ішінде тамақ, жылы киім, матрастар, ыдыс-аяқ, күрек, қаптар, насостар және басқа да қажетті құралдар бар.
16 сәуір күні Академия магистранты, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының СҚО бойынша қоғамдық орынбасары Елена Семидоцких Мемлекет басшысына әр ауданда гуманитарлық көмек қабылдау пункттерінің ашылғаны жайлы есеп берді.
Академия магистранты, «AMANAT» партиясының Павлодар филиалы төрағасы Илья Теренченко группаластарымен бірге су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетті.
«Ең алдымен, біз халыққа қажет тауарларды сатып алдық. Сондай-ақ СҚО-ға дейін алып баратын көлік шығындарын мойнымызға алдық. Ақмола облысы Атбасар ауданының магистранты насостар сатып алуға көмектесті. Сонымен қатар ерікті ретінде бізбен бірге қоршаулар жасап, қаптарды түсіріп, оларды толтыруға атсалысты және көмек ретінде техникасын да жұмылдырды. Еліміздегі төтенше жағдай тезірек аяқталып, көп ұзамай су басқан өңірлер тұрғындары үйлі болуына тілектеспін. Бүгінгі біздің басты міндетіміз – өз іс-әрекетімізбен басқаларға үлгі болып, көмек көрсетуге мүмкіндігіміз болса, әрдайым қол ұшын созу керек екенін жеткізу», – деді ол.
Магистранттарға СҚО тұрғындары үшін керекті заттардың тізімі алдын ала берілген. Акцияны басқа магистранттар да қолдап, еріктілер жақын маңдағы өңірлерге, сондай-ақ Алматы облысына да гуманитарлық жүк жіберуді жалғастыруда.