Бүгін Академияда «СОР-29 қорытындысы және Қазақстанға ұсыныстар» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараны Академияның Білім беру саясаты орталығы «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығымен бірлесе және Орталық Азия Университеті SIPA/IDDRI жобасының қолдауымен ұйымдастырды.
Семинар мемлекеттік қызметшілерді, магистранттарды, докторанттарды және Академия оқытушыларын Бакуде 12-22 желтоқсан аралығында өткен БҰҰ Климаттық конвенциясының тараптарының 29-шы конференциясының (СОР-29) қорытындылары туралы хабардар ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын жүзеге асыру жоспары үшін ұсыныстар әзірлеу мақсатында өткізілді.
Шарада ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Еран Нысанбаев, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Дидар Карымсаков, Қазақстандағы Ұлыбритания елшісі Кэти Лич, Академия ректоры Ерлан Әбіл сөз сөйледі. ҚР Президентінің жанындағы Жасыл экономика жөніндегі Кеңестің мүшесі, «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры, доктор Бақыт Есекина семинар модераторы болды.
Семинарда SIPA/IDDRI жобасының аға сарапшысы (Франция) д-р Георгий Сафонов СОР-29 қорытындылары және Қазақстанда көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы ақпарат берді. «Climate Strategies» аға сарапшысы Олег Плужников шараға онлайн қатысып, 6-шы бап аясында климаттық қаржыландыру механизмдерін дамыту туралы айтты, ал Орталық Азия университетінің ректоры д-р Кристофер Герри Орталық Азиядағы декарбонизацияны қолдаудағы университеттердің рөлі жайлы баяндама жасады. «CHEVRON» АҚ стратегиялық кеңесшісі Блэр Блэквелл метанның инвентаризациясы және мониторингі бойынша «CHEVRON» тәжірибесімен бөлісті. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Жасыл Даму» АҚ департаментінің директоры Зуфар Токпаев Қазақстандағы парник газдарын инвентаризациялау бойынша жаңа тәсілдер туралы айтты. ISO және IAF-пен ынтымақтастық шеңберіндегі Қазақстанның көміртегі бейтараптығы стандарттары туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі «КАЗСТАНДАРТ» өкілі Берик Ербосынов баяндады.
Семинар соңында белгілі коуч және Chapter Zero Kazakhstan даму жөніндегі директоры Наталья Бачинская «СОР-29 Қазақстан үшін» тақырыбында интерактивті воркшоп өткізді. Қатысушылар іс-шара барысында алған жаңа білімдерін тексеріп, Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын жүзеге асыру бойынша іс-қимыл жоспарын әзірлеу ұсыныстарын берді. Қатысушыларға білімін жетілдіргенін растайтын сертификат табысталды.