Page 5 - Академикалы? саясат РУС.
P. 5
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Бүгінгі таңда әлем елдері тұрақты даму
тұжырымдамасын басты бағыт ретінде қарастыруда. БҰҰ ұсынған Тұрақты даму
мақсаттары (ТДМ) – экономикалық өсу, әлеуметтік әділеттілік пен қоршаған
ортаны қорғауды үйлестіре отырып, адамзаттың әл-ауқатын арттыруға
бағытталған әмбебап бағдарлама болып табылады. Бұл мақсаттарды жүзеге
асыруда қалалардың орны ерекше, себебі әлем халқының едәуір бөлігі
урбандалған аймақтарда өмір сүреді. Көптеген болжамдарға сәйкес, 2050 жылға
қарай қалалардағы халық саны шамамен 66 пайызды құрайды, бұл 2,5
миллиардтан астам жаңа қала тұрғындарына тең [1]. Дегенмен өмір сүру сапасын
жақсарту, экономикалық тартымдылықты және қаланың тұрақты дамуын
қамтамассыз ету, яғни оны жүзеге асыру мақсаттарға қол жеткізу үшін Ақылды
қала тұжырымдамасын азаматтарға шоғырландыру және енгізу қажет.
Қазіргі уақытта елімізде ақылды қала тұжырымдамасының тұрақты жұмыс
істеуі мен дамуын қамтамасыз етуде цифрландырудың маңыздылығына ерекше
мән берілуде. Ақылды қала – бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту,
қалалық инфрақұрылымды тиімді басқару және қоршаған ортаға әсерін азайту
мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға
негізделген концепция.
Осыған сәйкес, Қазақстанның жаһандық ақпараттық кеңістікке шығуын
және халықаралық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын мемлекеттік жобалар
мен ұлттық идеялар зерттеліп отырған тақырыптың өзектілігін нақтылай түседі.
Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаевтың 2014 жылғы қаңтардағы халыққа жолдауында «Қазақстан-2050»
стратегиясын ұсынды. Қазақстанды 2050 жылға дейін әлемдегі ең дамыған 30
елдің қатарына енгізу болып табылады. Бұл стратегиялық құжаттың маңызды
бағыттарының бірі ретінде ақылды қалаларды дамыту қарастырылған, ол қала
өмірінің тиімділігі мен жайлылығының, сондай-ақ тұрақтылығының артуына
бағытталған. Сонымен қатар, бұл бағыт қала басқаруын жүйелендіру,
инфрақұрылым, экономика және қоғамдық салада озық технологияларды тиімді
қолдануды қамтиды [2].
«Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы 2013 жылы
ақпараттық қоғамның инфрақұрылымын қалыптастыру, электрондық үкіметті
дамыту және интернетке қолжетімділікті арттыру бағытында маңызды бастама
ретінде қабылданды. Бұл бағдарлама Қазақстанды 2013–2020 жылдар
аралығында жаһандық экономикалық және инновациялық кеңістікке
интеграциялауды, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруді, сондай-ақ
мамандандырылған инкубаторлар мен инновациялық орталықтарды құру
арқылы смарт-технологиялар саласындағы дамуды ынталандыруды көздейтін
стратегиялық құжат ретінде қарастырылады [3].
Қазақстан Республикасында ақылды қалаларды қалыптастыру процесі 2010
жылдардан бастап күн тәртібіне қойылып, бірқатар стратегиялық және
бағдарламалық құжаттарда белгіленді. Атап айтқанда, «Цифрлық Қазақстан»
мемлекеттік бағдарламасы (ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №827
5

