Page 5 - Аңдатпа
P. 5
жасанды интеллект элементтері, IoT құрылғылары мен ашық деректер
платформалары енгізілуде. Бұл шаралар қалалық ресурстарды тиімді
басқаруға, сыртқы және ішкі тәуекелдерді болжауға, сондай-ақ әкімшілік
шешімдердің сапасын арттыруға бағытталған.
Осылайша, Түркістан қаласының «ақылды қала» моделін қалыптастыру
ұлттық цифрлық саясат пен тұрақты даму қағидаттарын іске асырудың өңірлік
деңгейдегі нақты көрінісі болып табылады. Мемлекеттік реттеу тетіктерін осы
стратегиялық бағыттармен үйлестіру қаланың әлеуметтік-экономикалық,
экологиялық және технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік
береді.
Зерттеудің теориялық маңыздылығы. «Ақылды қала» ұғымының
тұрақты даму контексіндегі теориялық негіздемесі қалыптастырылды. Зерттеу
барысында «ақылды қала» (Smart City) тұжырымдамасы тек технологиялық
модель ретінде емес, сонымен қатар тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ)
үйлескен күрделі социотехникалық жүйе ретінде қарастырылып, оның
теориялық мазмұны қайта сараланды. Бұл ұғымның институционалдық,
әлеуметтік, экономикалық және құқықтық аспектілері жүйеленіп, заманауи
урбанистика ғылымындағы орны нақты айқындалды.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы. Зерттеу жұмысы Түркістан
қаласы мысалында Smart City тұжырымдамасын тұрақты даму контексінде
мемлекеттік реттеу тетіктері арқылы іске асырудың теориялық және
практикалық негіздерін жан-жақты талдауға бағытталды. Жаһандық
урбанизация үдерістері жағдайында ақылды қалалар тек цифрлық
технологиялар жүйесі ғана емес, сонымен қатар құқықтық, институционалдық
және әлеуметтік тетіктердің өзара байланысына негізделген кешенді
урбанистік модель ретінде қарастырылды.
Зерттеу барысында «ақылды қала» ұғымының эволюциялық даму кезеңдері,
халықаралық тәжірибелер мен Қазақстандағы жағдай салыстырмалы түрде
талданып, көпдеңгейлі басқару қағидаты, құқықтық реттеу, цифрлық теңдік,
адами капиталды дамыту сынды аспектілер негізінде институционалдық-
құқықтық модель жасалды. Түркістан қаласында енгізілген Smart City
жобаларының тиімділігіне жүргізілген эмпирикалық талдаулар қоғамдық
қабылдау, тұрғындардың қатысуы мен цифрлық инфрақұрылымға деген
сұраныстың өзектілігін айқындады.
Жалпы алғанда, бұл диссертациялық жұмыс Smart City тұжырымдамасын
теориялық тұрғыда терең негіздеп қана қоймай, оны Қазақстан жағдайында
тиімді іске асыру үшін институционалдық, қаржылық және әлеуметтік
механизмдерді үйлестіре отырып қолданудың жолдарын ұсынады. Зерттеу
нәтижелері өңірлік даму стратегияларын жаңғыртуға, мемлекеттік реттеу
жетілдіруге және тұрақты урбанизацияға қол жеткізуге бағытталған кешенді
ғылыми-тәжірибелік құрал болып табылады.
Күтілетін нәтижелер – зерттеу барысында алынған нәтижелер Түркістан
қаласының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтерді
басқару салаларында, сондай-ақ ЖОО-да сәйкес пәндерді жүргізу үшін
қолданылады.