Page 73 - Аннотация
P. 73
Мемлекеттік басқару тарапынан киноиндустрияға көзқарас оның
мемлекеттік саясат тұжырымдары мен идеологияны көрсете алуын
айқындаумен негізделеді. Кино қандай да бір мемлекеттің, өңірдің саяси,
әлеуметтік және мәдени-құндылықтық негіздерін «жұмсақ күш» ретінде өзге
елдерге трансляциялау мүмкіндігін ұсынады. Сондықтан да кино бүгінде
ұлттық идеологияның құрамдас бөлігі, халықтың рухани дамуының ең мықты
қаруы саналады. Ал ұлттық қасиет сезімін отандық киноөндіріс арқылы биік
деңгейге көтеруге ұмтылатын болсақ, мұндай фильмдерді шынымен де
кинематографиямыздың басты жетістіктерінің бірі деуге болады. Кино ең
алдымен өз халқына арналуы керек. Сонда ғана ұлттық нақышпен сусындап,
жетістіктері де биік болмақ [115].
Бұл бөлімдегі зерттеу негізгі мемлекеттік бағдарламалық құжаттар мен
даму тұжырымдамаларының мазмұнын жаппай прокатқа шыққан отандық
фильмдердің идеологиялық хабарламаларымен салыстыра отырып талдау
арқылы жүзеге асырылды. Талдау мерзімі (хронометражы) 1992 жылдан
басталып, 2021 жылдың соңында аяқталады. Бұл уақыт кезеңін қоғамдық
дамудың бірнеше кезеңдеріне бөлуге болады. Олардың әрқайсысы белгілі бір
салалардағы жаңғыру процестерімен сипатталады:
1) 1992 жылдан 1990 жылдардың аяғына дейін: институционалдық
жаңғыру;
2) 1990-жылдардың аяғынан 2012 жылға дейін: экономикалық жаңғыру;
3) 2012-2016 жылдар аралығында: әлеуметтік жаңғыру;
4) 2017 жылдан қазіргі уақытқа дейін: қоғамдық сананы жаңғырту.
Бұл кезеңдерге бөлу шартты түрде екенін айта кеткен жөн. Әр уақыт
кезеңінде қоғам өмірінің барлық аспектілеріне әсер ететін күрделі жаңғыру
процестері жүреді. Белгілі бір кезеңдерді бөлу кез келген құрамдас бөліктің
басым болуына байланысты, алайда басқа факторлардың әсерінің жоқтығын
білдірмейді [116].
Қазақстан Республикасында тәуелсіздік алған кезеңде мемлекеттік
саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын бірқатар бағдарламалық құжаттар
қабылданды. Қоғамдық дамудың әртүрлі кезеңдерінде белгілі бір басымдықтар
белгіленді, ал тұтастай алғанда, көпшіліктің назарында тұрған негізгі мәселелер
кешені ескерілді. Олардың ішінде ең маңыздылары: ұлттық бірегейлік,
экономикалық, өндірістік, технологиялық даму, сыртқы саясат, білім беру,
отбасы саясаты, этникалық-діни келісім, әлеуметтік қамтамасыз ету, халықтың
еңбекке көзқарасы мәселелері. Кейіннен жастар саясаты жаңа бағыт ретінде
пайда болды. Одан бөлек, қазіргі заманның талаптарына сай жаһандық
үрдістердің әсерінен цифрландыру, ақпараттық технологияларды әртүрлі
салаларда қолдану, электронды коммерция сияқты процестер мен бағыттар
қолға алына бастады.
Аталған аспектілердің бәрі, әртүрлі сипатта кинематографта көрініс
тапты. Өнер әрқашан әлеуметтік контекстке және оның өзгерістеріне ден
қояды, кино да осының дәлелі болып табылады.
73