Жаңалықтар

Халықаралық ынтымақтастық: БАӘ Дипломатия академиясы мен ҚР Мемлекеттік басқару академиясы

Бүгінгі таңда Біріккен Араб Әмірліктері өзінің әйел адамдар басшылық ететін бақыт және төзімділік министрліктерімен танымал. Бұдан бөлек, БАӘ Үкіметінің жоспарлау аясы 2117 жылға дейін созылған, олар Марста адамдар тіршілік ете алатындай алғашқы мекенді құруды жоспарлауда. Бұған қоғам өмірінің барлық салаларын өзгертуге және жақсартуға байланысты бірнеше стратегиялық кезең жатады.

Өткен жылы Қазақстан Дубай қаласында құрылған Жаһандық бақыт коалициясына тағы алты елмен бірге кірді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы 2019 жылғы Жаһандық үкімет саммитіне қатысты.

Бізді мемлекеттік басқару саласындағы барлық жаңашылдықтар мен технологиялар, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын даярлау тәсілдері қызықтырады.

Осы және өзге де мәселелерді талқылау мақсатында Қазақстан Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы (МБА) басшылығының БАӘ Дипломатия академиясының (EDA) профессоры Мұхаммад Олиматпен кездесуі ұйымдастырылды.

Профессор Мұхаммад Олимат БАӘ-де халықаралық қатынастар және аймақтану саласында танымал сарапшы болып табылады. Орталық Азияны зерттеуге маманданған профессор Олимат екі Академияның ынтымақтастығын қарқындатуға ерекше қызығушылық танытады.

БАӘ Дипломатия академиясы 2017 жылдан бері МБА Дипломатия институтының серіктесі болып табылады. МБА-ның ректоры Әлтаир Ахметовпен және кездесу қатысушыларымен пікір алмасқаннан кейін білім беру және зерттеу бағыттары мен кәсіби дайындық бойынша өзара қызығушылық салалары анықталды. 2020 жылдан бастап БАӘ-нің Дипломатия академиясы «Humanitarian Aid & International Development» халықаралық магистратура бағдарламасын іске қосады, оған full scholarship шарттары бойынша Дипломатия институтына оқуға түскен білім алушылар қатыса алады. Одан өзге, екі Академияның өзара қызығушылық тудыратын бірқатар іс-шаралары да бар. Мұның барлығы бірлесіп пысықталатын болады, – алда өзара іс-қимыл үшін зор мүмкіндіктер бар.

 ҚР-ның БАӘ-дегі Елшісі Мадияр Менилбеков пен ҚР-ның БАӘ-дегі Елшілігінің бірінші хатшысы Әлібек Кимановқа, сондай-ақ БАӘ-нің ҚР-дағы Елшісі Мохаммад Ахмад Альджаберге және БАӘ-нің ҚР-дағы Елшілігінің екінші хатшысы Салем Алькаабиге кездесуді ұйымдастыруға көмектескені үшін ризашылығымызды білдіреміз.