Жаңалықтар

«Идеялар фабрикасы 13.0» брейнстормингі

Академияда мемлекеттік басқару жүйесін жақсарту мақсатында нақты жобаларды одан әрі іске асыру үшін идеяларды іріктеу жалғасуда. Он үшінші жұма күнгі «Memlekettik qyzmet: quick wins» брейнстормингінде үш мәселе талқыланды.

Бірінші ұсыныс – өндірушілерді ҚҚС төлеуден босату, асыл тастар мен жабдықтарға импорттық баж салығын төмендету, шикізаттың қолжетімділігін арттыру. Жобаны ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Түсті металлургия және сирек металдар басқармасының басшысы Ернар Саржанов ұсынды. Оның айтуынша, қазақстандық зергерлік өндіріс қажетті шикізат базасы мен нарықтағы сұраныстың болуына қарамастан дамымаған. Ішкі нарықтағы отандық кәсіпорындардың үлесі 2-3%-ды құрайды. Осыған байланысты, ол жоғарыда аталған бірқатар ынталандыру шараларын қабылдау мәселесін қарау орынды болар еді деген пікірде.

Екінші идея – Этика жөніндегі ассистент. Академияның Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің магистранты Гүлмира Сейітова күнделікті қажетті «Этика жөніндегі ассистент» атты кітапты таныстырды, ол мемлекеттік қызметшіге этикалық жағдайларда (жұмыста қуғындау, жұмысқа орналасу кезінде құқықтардың бұзылуы, мүдделер қақтығысы, мүдделер күресі) дұрыс шешім қабылдауға көмектесуге бағытталған.  Кітап Гүлмираның магистрлік жұмысы аясында жазылған және практикалық ұсыныстар мен технологиялар келтірілген қызметтік мінез-құлық стандарттарын қамтиды.

Үшінші «Фермерлерге арналған қолжетімді несие» жобасын МСҰМ магистранты Айнұр Ардабаева ұсынды.  Кредиттердің экономикалық және физикалық қол жетімділігінің төмендігіне, кредит беру сапасының төмендігіне байланысты ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің технологиялық карталарына негізделген (халықаралық тәжірибе негізінде) фермерлердің банктер алдындағы кредит қабілеттілігін бағалаудың скорингтік (балдық) моделін әзірлеуді ұсынады. Бұл қаржы ұйымдарының тәуекелдерін төмендетуге, кредит құнын арзандатуға, кредит беру процесінің ашықтығын арттыруға және шешім қабылдау жылдамдығын арттыруға көмектеседі.

Брейнстормингтің әр жұма күні сағат 17.30-да Академияның YouTube-арнасында онлайн-режимде өткізілуі дәстүрге айналды. Жазба арнада қалады (плейлист – Идеялар фабрикасы) https://www.youtube.com/watch?v=AsXVn4Mxvm0

Брейнстормингтің қатысушылары айтқан мәселелер мен нақты ұсыныстар белгілі бір бағыттағы сарапшылармен бірге талқыланды. Брейнстормингке арнайы қатысу үшін, ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, ҚР білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рустем Курманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері, «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ төрағасының орынбасары Серік Ибраев және басқалар шақырылды.

Сонымен қатар, Академия мемлекеттік қызметте прогрессивті өзгерістер енгізгісі келетін бастамашыл мемлекеттік қызметшілер арасынан «жедел нәтижелер» КОМАНДАСЫН құруды ұсынады. Дереу шешу және жылдам орындау үшін ұтымды ұсыныстар генерациясы құпталады (7, 15, 30, 60, 90 күн).

Ашық диалог нысанында мемлекеттік органдардың қатысуымен Академияның базасында өтетін «Memlekettik qyzmet: quick wins» идеялар фабрикасы – брейнстормингінің жаңа форматы аясында баршаңызды инновацияларды ынталандыруға және ынтымақтастыққа шақырамыз.

Рәсімделген идеялар мен ұсынымдарды k.nurbek@apa.kz электрондық адресіне жіберу қажет. 

Идеяларды/ұсынымдарды қалай дұрыс рәсімдеу қажет?

  1. Проблеманы сипаттау.
  2. Айтылған проблеманы шешу үшін идеяны/ұсынымды ұсыну.
  3. Идеяны/ұсынымды іске асырудан алынған нәтижелерді көрсету.

Әр жұма сайын Сіздердің ұсынымдарыңыз «Идеялар фабрикасы» брейнстормингінде талқылау үшін ұсынылатын болады. Біздің Идеялар фабрикасына қосылыңыздар! Сіздерді әр жұма сайын 16.00-де оффлайн және онлайн режимде күтеміз!