25 жыл

2019 жыл орталығы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы болып табылатын мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білім беру жүйесінің құрылған сәтінен бастап 25 жыл толуымен есте қалмақ. 1994 жылы жоғары әкімшілік кадрларды даярлау және мемлекеттік аппаратқа жоғары білімді азаматтарды тарту үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 29 тамыздағы қаулысымен Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі құрылды.

Академия тарихы

1994 ж. – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Жоғары Мемлекеттік басқару мектебі (ҰЖМБМ) ашылды (Қазақ КСР ОК жанындағы Жоғары партия мектебі базасында 1942 жылы құрылған).
Негіздеме: Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 29 тамыздағы № 1845 Жарлығы.

1998 ж. – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҰЖМБМ және Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру институтының бірігуі арқылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы құрылды.
Негіздеме: Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 18 қыркүйектегі № 4078 Жарлығы.

2000 ж. – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының елорда – Астана қаласына қоныс аударуы.

2005 ж. – «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы», «Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы Сот академиясын» біріктіру және «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» РМҚК Дипломатиялық академиясының функцияларын жаңадан құрылатын мемлекеттік мекемеге беру арқылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы құрылды. 
Негіздеме: Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 31 мамырдағы № 1583 Жарлығы.

2008 ж. – Академия мемлекеттік мекемеден республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (РМҚК) болып қайта құрылды.
Мемлекеттік қызметшілердің жоғары буынын қайта даярлау мақсатында Академия құрамында Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі құрылды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Академияның мемлекеттік басқару органы болып айқындалды. 
Негіздеме: Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 28 қарашадағы № 698 Жарлығы.

2012 ж. – Академияны реформалау бойынша Еуропалық Одақпен бірлескен жобаны іске асыру басталды. Академияның даму Тұжырымдамасы қабылданды (2012 жылдың мамыры) және іске асырылуда. Қазақстанның мемлекеттік қызмет үшін жаңа тұрпатты магистрлер мен ғылым докторларын даярлау бойынша әлемде танылған MPA (Master of Public Administration), MPP (Master of Public Policy), DPA (Doctor of Public Administration), DPP (Doctor of Public Policy) білім бағдарламалары алғаш рет енгізілді.

2014 ж. – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясы бекітілді, жаңа бағыттарды дамытудың құзыреттілік және практикаға бағдарланған тәсілі негізінде мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесін одан әрі жаңғырту мақсатында және ТМД, ШЫҰ елдеріндегі білім беру қызметтері нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажеттілігіне байланысты әзірленді.

Академияның заманауи дамуы болашақ мемлекеттік міндеттерді шешуге бағытталған, мемлекеттік қызметшілерді оқытудың және мемлекеттік басқаруды дамытудың өзекті трендтеріне негізделген. Осының барлығы Академия қызметін трансформациялауды және инновациялық технологиялар мен құралдарды енгізуді талап етті.

Трансформациялық жобалардың бірі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Цифрлық Академия» жобасы болды. Жобаның мақсаты – Академияны мемлекеттік қызметшілердің ІТ-құзыреттіліктерінің білім беру орталығына айналдыру. Жоба барысында оқу кеңістігінің редизайны, инфрақұрылымдық жарақтандыруды жаңғырту және мультимедиалық жабдықтың интеграцияланған жүйесін орнату жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта IT-технологияларды кешенді пайдалану, жаңа технологиялық және басқару шешімдерін енгізу, цифрлық білім беру ресурстарын қолдана отырып, онлайн-оқыту технологияларын пайдалану жүзеге асырылуда.

Қазіргі заманғы басқару технологияларын енгізу мақсатында Академияда Мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті дамыту орталығы құрылды. Орталық аккредитациядан сәтті өтті және ҚР СТ ISO 21500-2014 «Жобаларды басқару жөніндегі нұсқаулық» ұлттық стандарты бойынша мемлекеттік қызметшілерге сертификатталған оқытуды жүргізеді. Сондай-ақ, SPOCE (Ұлыбритания) компаниясымен келісім негізінде Қазақстан аумағында Prince2 жобалық менеджмент әдісі бойынша сертификациялық емтихан өткізіледі.

Бүгінгі таңда Академия халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тиімді басқару шешімдерін қабылдауға қабілетті, кәсіби және жеке құзыреттіліктерінің толық жиынтығымен жаһандық ойлайтын мемлекеттік қызметшілерді дайындауға бағытталған.

Ағымдағы жылы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы магистратураның 11 мамандығы және докторантураның 4 мамандығы бойынша оқуға қабылдау жүргізеді. Магистратура мамандықтары: Мемлекеттік менеджмент (MPM), Мемлекеттік басқару (MPA), Цифрлық мемлекеттік басқару (MDPA), Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат (MACP), Экономика (ME), Мемлекеттік саясат (MPP), Өңірлік даму (MRD), Мемлекеттік саясат (шетел азаматтары үшін) (MPP), Мемлекеттік саясат және құқық (MPPL), Адам ресурстарын басқару (MHRM), Халықаралық қатынастар (MIR). Докторантура мамандықтары: Мемлекеттік менеджмент (EDPM), Мемлекеттік басқару (DPA), Экономика (DE) және Халықаралық қатынастар (DIR).

Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан магистратура мен докторантура бағдарламалары одан әрі тәжірибеге бағдарлануға, 3 тілде оқытуға және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқарудың ағымдағы және перспективалық қажеттіліктеріне барынша жақындауға бағытталған.

барлығы